Лицей – жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп қарастыратын, бірегей білім беру бағдарламасымен оқытатын оқу орны. Білім ордамыз «Толық күнді мектеп» концепциясы бойынша жұмыс жасайды, бұл әрбір оқушының болашақ мамандығын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта лицейде кәсіби бағдар беруші маман оқушылардың таңдаған немесе бейім мамандығы бойынша диагностика жүргізеді. Бала мамандығына қажетті екінші шет тілі сабақ кестесіне енгізіледі, олардың қатарында сұранысқа ие неміс, француз, қытай, түрік, және араб тілдері бар. Сонымен қатар, IELTS, SAT, ҰБТ емтихандарына дайындық курстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Әлемнің және еліміздің озық университеттеріне оқуға түсуге арнайы мамандардың көмегімен кәсіби бағдар беріледі.
Лицейде оқыту екі тілде жүргізіледі, және әр сыныпқа тәрбиеші-куратор бекітіледі. Тәрбиеші-куратор бала болашағы, алға қойған жоспарлары және таңдайтын мамандығы туралы сөйлесіп, барлық мәселелерде кеңес береді. Бұл баланың өзіне деген сенімділігін, жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді. Жылдың басында тәрбиеші-куратор әр баланың ата-анасымен бірігіп, баланың даму жоспарын жасайды, жыл ортасында осы жоспарды қайта қарап, жыл соңында оқушылар өз ата-анасына тұлғалық даму нәтижелерін бөліседі. Тәрбиеші-куратор, бала және ата-ана үштігінің қатысуымен өткізілетін конференциялар барлық сыныпта жеке дара жүргізіледі.
Түске дейін оқушылар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде білім алса, түстен кейін олар өзін-өзі дамыту, ғылым, әлеуметтік іс-тәжірибелермен айналысады. Бастауыш сыныпта сауатты оқу мен жазуға баулитын жобалар, тұлғаның шығармашылық қабілетін дамыту шаралары және кәсіби мұғалімдер құрамымен баланың әлсіз тұстарын жетілдіру сағаттары ұйымдастырылады. Балалар жеке оқушы шкафымен және оқулықпен толық қамтылады.
Лицейде Қазақстанның Еңбек Ері - Дулат Исабеков атындағы заманауи әдеби орталық жұмыс істейді. Жазушы еңбектері әлемнің сегіз тіліне аударылып, шет ел оқырмандарының да қызығушылығын арттырған. Орталықтағы бай кітап қорымен оқушылар білімдерін жетілдіреді. «Оқуға құштар мектеп», «BookCrossing», «Reading time», «100 кітап» жобалары арқылы балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігі молайтылады.
Лицейде 5 бағыттағы, 30-дан астам үйірме жұмыс жасайды. Әрбір оқушы өз таңдауы бойынша екі үйірмеге қатыса алады. Сонымен қатар, «WORLD CLASS» фитнес клубында «Бассейнде жүзу» үйірмесі ұйымдастырылған. Оқушылар жүзуді меңгеріп қана қоймай, батып бара жатқан адамды құтқару әдістерін де үйренеді. Үйірме сабақтарында инженерлік технология бойынша білімдерін жетілдіреді. Арнайы жабдықталған кабинеттерде ұлдар мен қыздарға өмірге икемділік дағдыларын қалыптастыратын сабақтар өткізіледі.
Мектеп спорт залы оқушылардың дене шынықтыру қабілетін дамытып, денсаулығын нығайтуға бағытталған. Жоғарғы санаттағы құралдармен жабдықталған спорт алаңында кәсіби инструкторлар жаттығуды тиімді және қызықты атмосферада өткізеді. Мектепте 9 түрлі спорттық үйірмелер де арнайы жоспармен ұйымдастырылған.
Лицейде сыныптар «Отбасы» оқушылар қауымдастығы жобасы бойынша жасақталып біріктіріледі. Кіші сынып оқушылары үлкен сынып оқушыларын құрметтеп, үлкендер кіші сынып оқушыларына ізет көрсетеді. Арнайы тәрбие жобалары оқушылардың ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсуіне оң ықпалын тигізеді.